АСТАНА, 22 жел – Sputnik. Талдықорған маңындағы Су-27 апатына жанармай жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін деп хабарлады ҚР бұрынғы қорғаныс министрі, қазіргі сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев.
"Менің ойымша, бұған жанармай жүйесіндегі ақау немесе жанармайға қатысты басқа бір мәселе себеп болған. Қыс мерзімінде жанармай әзірлеудің ерекшеліктері бар, мұның қандай деңгейде атқарылғанын комиссия тексеретін шығар", — деді Алтынбаев тілшілерге сенаттың жалпы отырысынан кейін.
"Ұшқыш салқынқандылық танытып, біліктілігін көрсетті, ұшақты елді-мекеннен алысқа қарай бұрып үлгерді. Ұшақтың құлауы төменде еш қауіп төндірмейтініне көзі жеткенде, катапульталанды. Бәрін дұрыс істеді", — деді сенатор.