АСТАНА, 20 жел — Sputnik. Атырау облысында 15 және 16 желтоқсанда екі жол апаты орын алды. Біреуі жүргізушінің қазасымен аяқталды, деп жазады өңірлік "Ақжайық" басылымы.
15 желтоқсанда сағат 23.15-те Атырау-Индербор трассасында Махамбет ауданы Алға ауылының маңында кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы орын алды.
"Тойота Венза" көлігін жүргізіп келе жатқан РФ Саратов облысының тұрғыны жол бойына шыға келген жылқы үйіріне дер кезінде әрекет ете алмай, жануарларға соқтығысқан. Нәтижесінде жүргізуші сол жерде көз жұмды. Екі жолаушы — 29 жастағы және 19 жастағы Батыс Қазақстан облысының тұрғындары ауыр жарақаттармен облыстық ауруханаға жатқызылды. Батыс Қазақстан облысының тағы екі жолаушысы дәрігерлердің тексеруінен кейін үйлеріне жіберілді.
Соқтығысқан кездегі соққының күштілігі сондай, екі жылқы қарсы жақтағы жол жиегіне ұшып кеткен. Мал өлексесінен 20 метр жерде мойын омыртқамен бірге жылқы жалының бір бөлігі жатты.
16 желтоқсанда таңертең осы оқиға болған жерден Индер жаққа қарай 30 шақырым жерде, Махамбет ауданының Ортақшыл ауылының маңында тағы бір өлі жылқы табылды. Оның да жол-көлік апатынан қалғаны сөзсіз.
Шамасы, көлікте болғандар ауыр зақымдар алмаған болса керек, өйткені оқиғалар тізімінде белгіленбеген.
№8 ауылдың тұрғыны Қоныс ЕРМАНОВТЫҢ айтуынша, осыдан кейін Ортақшыл тұрғындары жүргізушілерге жақындап келе жатқан мал көріну үшін жол жиегіндегі биік өсіп тұрған шөптерді орып тастаған.