АСТАНА, 19 жел — Sputnik. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Дэниэл Джейкобстың 18 наурыздан соң қазақстандықтың бүкіл белдіктерін тартып аламын деген мәлімдемесіне америкалықты "орташа салмақ дәрежесіндегі №2 ғажап әрі қатал боксшы" деп атап жауап берді.
Бұл жекпе-жек биыл желтоқсан айының басында болуы тиіс еді, алайда екі боксшының менеджменті сыйақының бөлінісі туралы уақытылы келісімге келе алмады: Джейкобстың тарабы әдеттегі 25%-дан артық үлес сұрады. Әңгіменің аяғы немен біткені беймәлім, дегенмен сенбі күні Головкин парақшасында мынадай жазба қалдырды: "Ресми түрде хабарлаймын, 18 наурыз күні Дэнни Джейкобске қарсы Нью-Йорктегі Madison Square Garden алаңына шығамын, НВО PPV арнасында. Сонда кездесерміз".
Содан кейін боксшылар жекпе-жек алдындағы дәстүрлі мәлімдемелерін жасады – оны америкалық ESPN арнасы жариялады. Джейкобс сөйлеген сөзінде ойын ашық әрі тура жеткізді: "Мен орташа салмақ дәрежесінде мықты екенімді дәлелдеймін: 18 наурыз күні бүкіл белдіктерді туған қалам Бруклинге әкетемін", — депті америкалық боксшы.
Головкин аздап мысқылмен жауап қатты, дегенмен қарсыласына деген шексіз құрметі де байқалып тұр.
"Дэнни – ғажап боксшы. Әрі қатал қарсылас болып саналады, орташа салмақ дәрежесінде екінші нөмірге ие. Оңай қарсылас емес", — деп мәлімдеді қазақстандық орташа салмақ дәрежесінде кімнің мықты екенін жұмбақтай жеткізіп.