АСТАНА, 17 жел – Sputnik. Ақтөбедегі теракт бейнежазбасы және оларға қатысушылардан алынған сұхбат негізінде Ақтөбе облысының билігі фильм жасап, Желіге жариялаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Ол кішкентай пәтер болатын. 40-50-ге жуық адам жиналдық. Сосын Таңатаров Дмитрий телефондарды жинап алатынын айтты. Колонканы қосты. Бір сағаттық дәріс болатын. Ол жерде, менің түсінгенімше, бауырларымызды отырғызып жатыр, қарындастарымызға қысым көрсетіп жатыр делінген секілді. Жалпы алғанда соғысу керек", — деп айтып берді сотталғандардың бірі дойбы ойыны бойынша еліміздің бұрынғы чемпионы, 28 жастағы Асхат Рахметов.
Отыз үш жасар Бақыт Қуанышбаев, үш баланың әкесі, енді түрмеде жылап отыр. Бейнеде оның отбасын көрсетеді. "Енді өз балаларымды ешқашан көрмеймін. Бастарынан сипай алмаймын, кәмпит бере алмаймын. Біреулер ренжітетін болса, қорғай да алмаймын. Анашым, мені кешір, менің балаларыма қорған бол!", — дейді Қуанышбаев.
Бейнеде сотталушылардың қанында алкогольден бөтен есірткілік зат — амфетаминнің болғаны айтылған. Лаңкестердің өздері бұған қатысты ешқандай түсінік бермеген. "Барлығы негізінен эмоцияда жасалды. Ештеңені ұғынған жоқпын", — дейді Әрсен Таңатаров.
Басқа лаңкес Асхат Иманғалиевтің сөзіне қарағанда, олар не істегенін түсінбеген мыс. Алайда оларға тірі берілмеу туралы нұсқау берілген. Ақтөбе билігі бұл бейнені студенттер мен жоғары сынып оқушыларына көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарланады.
2016 жылы 5 маусымда бір топ адам екі қару-жарақ дүкені мен Ақтөбе әскери бөлімшесіне қарулы шабуыл жасады. Шабуыл нәтижесінде сегіз адам қаза тапты, олардың үшеуі әскери қызметкерлер болатын. Қарулы күштер шабуыл жасаған 18 адамды тоқтатып, тоғыз адамды ұстады. Ақтөбеде теракті жасағандар "салафизм" діни ағымының ұстанушылары деп аталды.
Террористтерге 28 қараша күні үкім шығарылды: жеті сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды, тағы екеуі жазасын 20 және 22 жыл бойы колонияда өтейтін болады.