АСТАНА, 16 жел – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі нысандарында болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы 1300 пәтерге арналған ЭКСПО қалашығын, "MEGA Silk Way" сауда-сауық орталығы ғимаратын, ЭКСПО офисін және "Энергия зерттеу орталығын" аралап көрді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Алжир, Қатар, Қытай, Малайзия, Үндістан елдерінің экспозициясы орналасатын халықаралық павильондармен танысты.
Соңында Елбасы кеңес өткізіп, онда "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының халықаралық көрмеге әзірлік барысы туралы баяндамасын тыңдады.
"Қазіргі уақытта 112 ел көрмеге қатысатынын растады, соның ішінде 104 ел өздерінің комиссарларын тағайындады. 94 келісімге қол қойылып, 75 мемлекет ұлттық күнін өткізу үшін нақты датаны алдын ала белгіледі", – деді А.Есімов.
Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаулы халықаралық комиссия іріктеп алған энергетика саласындағы үздік 24 жобаға қатысты шешім жөнінде мәлімделді. Бұл жобалар көрменің арнаулы павильонында ұсынылатыны атап өтілді.
"Екі жылда аса ауқымды жұмыс атқарылды. Енді бұл нысандарды жабдықтап, тиісті кадрларды даярлауымыз қажет. Бұл – басты міндет, біз оны бақылауда ұстайтын боламыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрге "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамымен және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, халықаралық мамандандырылған көрме аяқталғаннан кейін оның нысандарын әрі қарай пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.