АСТАНА, 14 жел — Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Бас муфтидің құттықтауы жасылған бейнеролик ҚМДБ ресми сайтында жарияланды.
"Құрметті бауырлар, қадірлі отандастар! Баршаларыңызды Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға татыған 25 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын! Расында, біз кешегі аумалы заманда қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азаттықтың ақ таңын атырған халықпыз. Сондықтан да, Тәуелсіздік – ұлтымыз үшін ұлы ұғым, қастерлі сөз.
Ата-бабаларымыздың асқақ арманы мен өр рухының, иманға берік мұсылмандығының арқасында келген Тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы һәм нығметі", — деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас муфти құттықтау сөзінде, егемендігімізбен бірге дініміз де өркендеп, елімізде еңселі мешіттер мен медреселер бой көтеріп жатқанын атап өтті.
"Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Дендеріңізге саулық, күш-қайрат, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі мен халқымыздың болашағы жолындағы жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Тәуелсіздігіміз баянды, дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!", — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.