АСТАНА, 13 жел – Sputnik. Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ қытай кинематографистерімен бірлесіп "Композитор" (жұмыс атауы) атты фильмді түсіруді қолға алды, деп хабарлайды Қазақфильмнің баспасөз қызметі. Аталған фильмнің түсіру жұмыстары бойынша кездесу өткізу үшін Алматыға арнайы Қытай Халық Республикасының танымал режиссері Шеризат Якуб бастаған Shineworks кинокомпаниясының түсіру тобы келді.
Бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы талқылаулар 2015 жылы 26 қыркүйекте Қытайдың Фучжоу қаласында өткен «Жібек Жолы» кинофестивалінің копродукция жөніндегі форумда басталған. 2016 жылы 2 қарашада «Қазақфильм» киностудиясы және қытайдың Shineworks кинокомпаниясы арасында «Композитор» атты фильмді бірлесіп шығару және қаржыландыру, сонымен қатар бірлесіп прокатқа шығару жөнінде келісімге қол қойылды. 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап фильм дайындық кезеңге өткен болатын. Картинаның түсіру жұмыстары 2017 басталып, түсірілімдердің негізгі бөлігі Қазақстанда өтеді.
Аталған фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналмақ. Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941- 1943 жылдар аралығында) композитор Қазақстанда тұрып, қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Картина екі ел арасындағы ынтымақтас пен композиторлардың достығы туралы сыр шертеді.
"Қазақфильмнің" өкілдерімен кездесу барысында фильмнің режиссері Шеризат Якуб: "Бүгінгі күнге дейін біраз жұмыс атқарылды. Қазақстан жағынан серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Қытайда Си Синхай туралы, оның әр жылдары өмірі туралы баяндайтын фильмдер көп, бірақ композитордың Қазақстанда тұрып, осында жұмыс істегені жөнінде көбісі біле бермейді. Осы елде композиторды жылы қарсы алып, оның Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамы шығармашылығына қолдау көрсеткені туралы айтып беру біз үшін өте маңызды" — деді.
Кездесу барысында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті Бақыт Қайырбеков: "Қазақфильм" үшін бұл Қытай киногерлерімен жасалғалы отырған алғашқы жоба. Сондықтан да біздің тараптан бұл жобаға білікті мамандар тартылып отыр. Екі ел арасында ынтымақтастық орнату мақсатында қолға алынған бұл фильмді абыроймен атқарып шығамыз деген ойдамын" — деді.