АСТАНА, 8 жел — Sputnik. Бакуде өткізілген теміржол әкімшіліктерінің басшылары жұмыс барысындағы кездесуінде Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арасында жүк тасымалы көлемін өсіру туралы мәселе талқыланды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
Кездесу қатысушылары үш ел арасындағы Транскаспий халықаралық дәлізімен (ТХКД) жүк ағынын ұлғайту үшін жұмсақ тариф саясатын қолдануды ұсынды.
ТКХД бағдарында 2017 жылы транзиттік жүк ағынын ұлғайту үшін кешенді мөлшерлеме мен тариф белгіленді. Сараптама қорытындыларына қарағанда, 2020 жылдарға қарай аталмыш бағдарда контейнерлік пойыз мың данаға дейін жеткізілетін түрі бар.
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев жұмыс сапары аясында "Грузия темір жолы" АҚ бас директоры Мамуко Бахтадземен, "Әзербайжан темір жолдары" ЖАҚ төрағасы Джавид Гурбановпен екі жақты келіссөздер өткізді.
Тараптар көлік және логистика саласындағы өзара серіктестікті одан әрі дамыту, оның ішінде темір жол көлігі машинасын жасау жайын талқылады.
Гурбановпен кездесуде ағымдағы жылы Әзербайжанға "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ-ының өнімі "Evolution" сериясындағы 10 жүк тепловозы жіберілгендігі айтылды. Келесі жылдан бастап Әзербайжан темір жолына "Электровоз құрастыру зауыты" ЖШС өндірісінен шыққан электровоздар жіберіле бастайды. 2019 жылға дейін Әзербайжанға 40 электровоз жеткізу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ арасында темір жол көлігі машиналарын жасау саласындағы серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды.