АСТАНА, 6 жел — Sputnik. Алматы полицейлері бес күн үшінде көліктерін мүгедектерге арналған орынға қойған 400-ге жуық жүргізушіні анықтап, жауапқа тартты деп хабарлады Алматы ІІД полиция қызметі.
Кеңейтілген баспасөз хабарламасында айтылып өткендей, екінші және алтыншы желтоқсан аралығында қалада "Тең мүмкіндік жолы" атты жедел алдын алу шаралары жүргізілді. Оның мақсатының бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға және жол қозғалысының осы бір қатысушыларына дұрыс қарым-қатынас жасауға қоғамның назарын аудару болып табылады.
"Бүгінгі таңда қатардағы бөлімшелер 7.17 "Мүгедектерге арналған көлік тұрағы" белгісі бар жерлерге көліктік құралдарын заңсыз қойған 383 жүргізушіні анықтады. Оларға жалпы сомасы 26 миллион 947 мың 306 теңгені құрайтын әкімшілік протоколдар толтырылды…", — деп хабарлады Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.
Оның мәліметінше, қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жол-техникалық жағдайлар жасалуда: бүгінде Алматыда "Мүгедектерді оңалту" бағдарламасымен жарақтандырылған 54 реттелуші жол қиылысы бар, 49 бағдаршам арнайы дыбыспен қамтамасыз етілген, 36 бағдаршамда уақытты кері есептеу таблосы бар.