АСТАНА, 2 жел — Sputnik. ТҮРКСОЙ-ға мүше елдері мәдениет министрлері кеңесінің отырысында Қазақстанның Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметі.
Түркістанның мәдени астана атанатын жылында бірқатар шаралар ұйымдастырылып, іске асырылмақ. Атап айтқанда, түбі түркі тілдес халықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын мерекелеп, театр фестивалін өткізбекші. Кітап жәрмеңкесі мен қолөнер шеберлерінің Орта Азиялық фестивалі мен Ұлы Дала дәстүрлі музыкалық фестивалін, сонымен бірге, суретшілер кездесуі сынды ірі бағдарламаларды ұйымдастыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ, тұрақты Кеңестің 35-ші отырысының үйлестірушісі болу Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліп, оның отырысы 2017 жылдың соңына қарай Түркістанда өтетін болып белгіленді.
Бұған қоса, Әзербайжан Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерде 2017 жыл "Молла Панах Вагифты еске алу жылы" деп жарияланды.
Отырыста ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасеинов түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) 20 жылдан астам уақыттан бері түркі тілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге танытуда тындырымды тірліктердің атқарылып келе жатқанын жеткізді.