Қоғам

ОҚО-да жүзден астам бала жақында өздерінің жаман кеселі жайлы есітеді

Жазылу
Балалар ВИЧ жұқтырды, олардың көпшілігі дәрігерлердің кесірінен жұқтырған. Қазақстанда бұл дерт туралы 11-12 жаста хабарлайды.

АСТАНА, 2 жел — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысында балаларға ВИЧ жұқтырғандарын хабарлайды. Мұны ата-аналары немесе мамандар жасайды. Балаға бір жыл ішінде психологиялық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Otyrar.kz. 

Олардың басым көпшілігі 2004-2005 жылдары туылған. Бұл 2006 жылы Шымкент ауруханасында дәрігерлердің кесірінен ВИЧ жұқтырған балалар. Оларға дерті жайлы хабарлайтын уақыт жетті. Қазақстанда ВИЧ жұқтырғаны жайлы 11-12 жаста хабарлайды. Мұндай жастық шек бекітілген. 

"Әлсіреп, басым айнала берген соң дәрігерге бардым. Дәрігер тексере келе ВИЧ-ке қан тапсыруымды сұрады. Анализ қорытындысын естігенде талып қала жаздадым. Ол кезде Ербол үш айлық еді. Емізулі балама ВИЧ менен сүт арқылы жұқты", — дейді Оңтүстік Қазақстан облысының 34 жастағы тұрғыны. 

Қазір бала күнделікті арнайы дәрілерін ішеді. Кейде ол "неге дәрі іше беремін?" деп сұрайды. Анасы "витамин, мықты боласың" деп алдаусырататындарын айтады. "Естіртетін кезде мамандарға жүгінетін шығармыз. Әйтпесе, бұл туралы өзіміз айтуға беттей алмайтын сияқтымыз", — дейді әйел.

Шымкенттегі "Ана мен бала" оңалту орталығы психологы Ұлбосын Әбдірайымованың айтуынша, ВИЧ жұқтырғанын бала 11-12 жасында білгені дұрыс. Балаға жеңіл тиеді. Өтпелі кезеңде білсе, тұйықталып алуы мүмкін" дейді.

"Естірту кезінде көбіне ата-аналар қатыспайды. Эмоция білдіріп қоямыз деп қорқады. Мысалы, диагнозы айтылған кезде ата-анасы жылап жіберсе, бала ауыр қабылдайды. Сондықтан тек мамандар отырып, түсінікті етіп, артық сөз қоспай жеткіземіз. 11-12 жасында айтылса, шала түсінеді. Көбі ауру туралы білмейді. Түсіндірген соң өз денсаулығына жауапты қарай бастайды. Сосын тепе-теңдік принципін ұстай отырып, балаларды кездестіріп, бір жыл шамасында жұмыс істейміз. Түсініп, бейімделуін күтеміз", — дейді маман.

Психолог балаға сырқатын естірту шарасының жағдайды бұрыннан білетін ата-аналардың өздеріне де қиын тиетінін айтады. "Баланы қорғағысы келеді. Балалық шағын аяп, "есейе түссін" дейді. Ата-аналар бойында әлі күнге қорқыныш бар. Шеттетуге ұшырап қалудан қорқады. Ұзақ уақыт ойланады, ақылдасады. Сондықтан, естірту үшін ата-анадан міндетті түрде қолхат алынады. Ал кеш естіген балалармен бір жыл емес, үш жыл жұмыс істейміз, ондай тәжірибемізде болған", — дейді маман.

Психологтың сөзінше, оңалту орталығы биылға дейін жылына үш-төрт баланың ғана диагнозын естіртіп келген. Биыл 59 бала естіген. "100-ден аса балаға естіртуге уақытымыз бен мүмкіндігіміз жетпейді-ау деген қорқыныш бар. Айтпауға болмайды, жасы жетті. Әрқайсысына уақыт, көңіл бөлу керек. Балалармен топтық жұмысқа да қаржы керек. Бұл – үлкен проблема. Мұндай мәселе бұрын болмаған, арнайы жобалар жоқ. Әлеуметтік жоба қажет. Осы жаста айтса, жеңіл тиетін еді", — дейді маман.

Ұлбосын Әбдірайымованың сөзін "Балаларды СПИД-тен қорғайық" қоғамдық қоры төрайымы Жанетта Жазықбаева да қостайды. "Жоба қажет екенін министрлікке (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін айтады – ред.) де айттық. Шешім жоқ. Түрлі сылтау айтады" дейді төрайым. Ата-аналар балаларға дәріні түрлі жолмен беріп келеді. Кейде балалар оны ішпей қояды. "Ресейде 7-8 жаста айтады. Бізде 11-12 жаста айтамыз. 2005-2006 жылдары Шымкентте дәрігерлер салғырттығынан балаларға ВИЧ жұқты. Бізде тіркелген 245 баланың негізгі бөлігі — сол балалар. 11-12 жасқа толды. Естірту жұмыстарына арнайы дайындық керек", — дейді Жазықбаева.

Жанетта Жазықбаева "баланың диагнозына бір жылда үйренетінін, жыл бойы оған қолдау көрсету өте маңызды" екенін айтады. "Ана мен бала" орталығы дерегінше, 2016 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша ОҚО-да 15 жасқа дейінгі 224 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде ВИЧ-ті биыл жұқтырғандарының саны – сегіз, былтыр жұқтырғаны да – сегіз бала. Осы 224 баланың 212-сі 5-15 жас аралығында.

Қазақстандағы ВИЧ-пен күрес орталығы вирус жұқтырған адамдар өмірінің мағыналы және ұзақ болуы өз қолдарында екенін ескертеді. Орталық қазіргі медицина күшімен ВИЧ өлім әкелетін кесел емес, созылмалы аурулар қатарына өткенін, сырқаттардың өз өмірлерін басқа адамдармен қатар жоспарлап, сапалы һәм ұзақ ғұмыр кеше алатынын айтады. ВИЧ пен СПИД-ті шатастыруға болмайды, СПИД ВИЧ-тің асқынған сатысы.


Жаңалықтар
0