АСТАНА, 28 қар — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының базарында болған өрт жайтына қатысты қылмыстық іс қозғалды. 2016 жылдың 26 қараша күні түнде кезекші бөлімге Атакент базарында өрт болып жатқаны туралы хабар түседі.
Оқиға орнына алты өрт сөндіру техникасы, 20 өрт сөндіруші және 75 полиция қызметкері барады. Өрт сөндірушілер өрттің бетін қайтарған. Болжам бойынша базардың сауда қатарлары жанған. Өрттен зардап шегуші жоқ.
Аталған жайт бойынша Мақтарал АІІБ 2-ПБ СДБТТ тіркеліп, ҚР ҚК 202-бабымен "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру" қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушіге келтірілген залал көлемі анықталуда.
Қазіргі таңда полицейлер өрттің шығу себебін анықтауда. Өртке қатысы бар күдікті тұлғаларды анықтау және құрықтау жұмыстары жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.