АСТАНА, 28 қар — Sputnik. Ауа райының қолайсыздығына байланысты (қар, жаңбыр, аяз, бұрқасын) Абай ауданының Саржал ауыл округінің аймағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлады дүйсенбіде Шығыс Қазақстан облысының ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
"Қараша айында ауа райы күрт өзгерген. Биіктігі 50 сантиметрге жеткен қалың қар жаңбырға ұласты, кейіннен аяз болып соңы бұрқасынға айналды. Саржал ауыл округіне қарасты шаруа қожалықтарында тұрғындардың өмір сүру жағдайы қиындап кеткен. Саржал ауыл округіне қарасты шаруа қожалықтарының барлық бағыттары бойынша жолдарды қар басып қалған", — деп хабарлады Sputnik-ке төтенше жағдайлар департаментінде.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Саржал ауылдық округінің елді мекендеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек, малға жем жеткізу қиынға соққан.
Абай ауданы әкімінің 2016 жылғы 27 қарашадағы шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.