АСТАНА, 25 қар — Sputnik. Бастапқы мәлімет бойынша, Өскемендегі көпірдің "көтерілуіне" көпір тірегінің апаттық жағдайда болуы себеп болған деп хабарлады қалалық ішкі саясат бөлімі.
"Бастапқы визуалды қорытынды бойынша, Қазақстан көшесі жағындағы ескі көпірдің бесінші тірегінің апаттық жағдайда болуы осы оқиғаға себеп болған", — делінген бөлім хабарламасында.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаны тергеу жөнінде жұмыс комиссиясы құрылды. Сарапшылар комиссиясының қорытындысынан кейін толығырақ мәлімет берілетін болады.
Қалалық ТКШ бөлімінің, жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдарының басшысы Асқар Жақсылықовтың мәліметінше, Ертіс көпірі бойынша қозғалыс штаттық режимде істеп тұр.
"Көпірдің жаңадан салынған бөлігіне ешқандай зиян келген жоқ, коммуникациялық желілер көпірдің жаңа бөлігі жағына ауыстырылған. Ескі бөлігінде бетоннан басқа түк те жоқ", — деп хабарлама Жақсылықовтың сөзін дәйектейді.