АСТАНА, 24 қар — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында саяси мирасқорлық және келесі сайлауға қатысуы туралы сұрақтарға жауап берді.
"Балаларым мұрагер болады деп санамаймын әрі, менің ойымша, мұны шешетін біз емес. Біздің елде биліктің ауысуы Конституцияда жазылған", — деп жауап берді Назарбаев мирасқорлық туралы сұраққа.
"Келесі президенттік сайлауға қатысасыз ба?" деген сұраққа Назарбаев былай деп жауап берді: бұл мәселе оның денсаулығы мен қоғамның қолдауына байланысты.
"Мен 2020 жылға дейін қызмет етемін, ал 2020 жылы сіздермен кездесеміз", — деп президент ойын астарлап жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы елдегі экономикалық қиындықтар туралы сөз қозғап, АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың өндірісті қалпына келтіріп, инфрақұрылымдық инвестицияларды көбейту жоспары металл бағасын нығайтып, бұл да өз кезегінде Қазақстан экономикасына оң әсерін беретінін атап өтті.
"Сол себепті келесі жылдан бастап, келешекке зор үмітпен қараймын", — деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы Bloomberg News ақпараттық агенттігінің өкілдеріне 22 қараша күні Ақордада сұхбат берді.