АСТАНА, 23 қар — Sputnik. Елорда атауын өзгерту ұсынысы туындағаннан кейін көкейімізде мынадай сұрақ туындайды: бұл жағдай қарапайым тұрғындарға қалай әсер етеді. Азаматтар үшін құжаттарды ауыстыру үдерісі қалай жүретінін ХҚКО бірыңғай конакт-центрінен сұрастырып білдік.
"Иә, қала атауы өзгерсе, бүкіл құжаттар ауысады, бұған 15 жұмыс күні кетеді. Егер жеке себебіңізге байланысты емес, мемлекет бастамасына сәйкес құжат ауыстыруға мәжбүр болсаңыз, құжатты айырбастауға кеткен бүкіл шығынды мемлекет көтереді. Ал, жаңа құжаттар алған соң, бүкіл келісімшарттарды қайта ресімдеуге тура келеді, мәселен ТКШ келісімшарты және т.б.", — деді ХҚКО бірыңғай контакт-центрінің қызметкері Sputnik Қазақстан агенттігіне телефон арқылы.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан парламенті палаталарының депутаттары елорда атауын президент есімімен байланыстырып өзгерту ұсынысын талқылаған болатын. Депутаттар ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияға дауыс берді, оның мәтінін мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов оқыды. Бұл декларацияда елдің бас қаласы Астана атауын өзгерту мәселесі қозғалған.