АСТАНА, 23 қар — Sputnik. 22 қарашаға қараған түні Шығыс Қазақстанда "Алтайские Альпы" демалыс базасы территориясында өрт шықты деп хабарлайды Өскемен қаласының ТЖ жөніндегі басқармасының баспасөз қызметі.
Өрт 22 қараша күні сағат таңғы 4 кезінде шыққан. 25 километр қашықтықта орналасқан №5 өрт сөндіру бөлімшесінің өрт сөндірушілері таудың қар басып қалған бұралаң жолымен жеткенше, екі қабатты ғимарат түгелдей отқа оранды. Шатыры, терезе және есік жақтаулары, қабырғалары, төбесі, 200 шаршы метр аумақта орналасқан жиһаз өртеніп кетті.
"Бұл тау шаңғы базасы, адамдар қыста келіп демалады, бірақ ауа температурасы 35-40 градус аяз болып тұрғанын ескерсек, демалыс орнына көп адам келмеген болса керек. Өрт сөндірушілерді демалыс базасының әкімшілігі шақырған. Құтқарушылар ауа райы жағдайы мен ТЖ болған жердің алыстығы салдарынан 04:52-де жетті. Сағат 6 кезінде өрт сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ", — деп хабарлады ШҚО ТЖД Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Тілсіз жаумен жеке құрамның 19 адамы және бес техника күресті. Өрт себептері анықталуда.