АСТАНА, 23 қар — Sputnik. 18-21 қараша күндері АҚШ-та дзюдодан ардагерлер арасында Әлем чемпионаты (Veterans World Judo Championships 2016) өтті. Қазақстан құрамасынан 11 дзюдошы қатысып, ел намысын абыроймен қорғады, деп хабарлады қазақстандық дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.
Жарыстың бірінші күнінде 100 келіде бақ сынаған Жарашуев Нұрлан үздіктер қатарынан көрініп, қола медальға ие болды. Әлем чемпионатының екінші күнінде отандасымыз Кинтонов Мұрат барлық қарсыластарын иппонмен жеңіп, 100 келіде Әлем чемпионы атанды. Ал 60 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан жерлесіміз Кац Александр мен 57 келіде белдескен Тыныбаева Рыскүл үшінші орыннан көрініп, ел қоржынына қос қола медалін салды.
Әлем біріншілігіне 63 елден 999 дзюдошы қатысты. Қазақстан құрамасынан 11 дзюдошы қатысып, ел намысын абыроймен қорғады. Жалпы командалық есепте көші 42 медальмен Франция бастап тұр. Олардың – 17-сі алтын, 11-і күміс және 14-і қола. АҚШ құрамасы 40 медальмен (12+7+21) – екінші орында. Көшбасшылар үштігін 40 медальге (9+13+18) ие болған Бразилия құрамасы жабады.
Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 қола медальмен 63 ел ішінде 20-орынмен Әлем чемпионатын сәтті аяқтады.