АСТАНА, 22 қар – Sputnik. 22 қарашаға қараған түні Жапонияның шығысында магнитудасы 7,4 күшті жер сілкінісі болды, жер асты дүмпулері Токио тұрғындарын ұйқысынан оятты деп хабарлайды РИА Новости.
Жапон метеоорталығының хабарлауынша, жергілікті жеті балдық шкалаға сәйкес жер асты дүмпулерінің күші кей аудандарда, оның ішінде Тынық мұхиты жағалауында орналасқан Фукусима префектурасында бес баллға дейін жетті. Бұл жерде 2011 жылы жер сілкінісі мен цунами салдарынан атом электростанциясында орасан зор апат болған еді.
Сейсмологтардың дерегі
Жер сілкінісі эпицентрі Фукусима жағалауларында орналасқан, кіндігі – он километр тереңдікте. Бастапқыда жапон метеоорталығы дүмпулердің магниутдасы 7,3 болғанын хабарлаған еді, ал NHK телеарнасы кейінірек бұл көрсеткішті түзетіп 7,4 деп көрсетті.
Келтірілген зиян мен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ
Жапониядағы бұл жер сілкіністерінен зардап шеккендер туралы ақпарат әзірше келіп түскен жоқ деп хабарлады елдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Дзюн Мацумото брифинг барысында.
Киодо агенттігінің дерегі бойынша, дәрігерлердің көмегіне болар-болмас жарақат алған тұрғындар ғана жүгінген. Мәселен, бір әжей жер сілкінісі кезінде төсегінен тұрамын деп құлап, жарақаттанған. Тағы біреулер сынған әйнектен жарақат алған.
Ғимараттардың қирауы туралы да мәлімет жоқ.