АСТАНА, 18 қар — Sputnik. Сот ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жала жапқаны үшін қызды жазалауды сұраған шағымын қабылдаудан бас тартты, делінген сот қаулысында.
Қазан айының басында Youtube желісінде өзін Т.Г. Жүргенов атындағы өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықовамын деп таныстырып, Арыстанбек Мұхамедиұлын алымсақтық жасады деп айыптаған қыздың бейнеүндеуі пайда болды. Ғаламторда тарап кеткен бейнеүндеуде Сыдықова ҚазҰӨА 2011-2015 жылдары "музыкалды театр актрисасы" мамандығы бойынша оқығандығын айтты. Ол ЖОО түсуге шешім қабылдағанымен, қабылдау емтиханына кешігіп қалған екен. Оның айтуынша, алдымен Мұхамедиұлы оқуға түсіріп беремін деп ақша сұраған, одан кейін екіұшты ұсыныстар айтқан.
№2 Есіл аудандық сотының қаулысына сәйкес, Мұхамедиұлы Еңлік Садықованы жала жапқаны үшін қылмысқа тарту туралы шағым түсірген. Бұл шағым өндіріске қабылданған. Бұл ретте Мұхамедиұлының шағымы қылмыстық процессуалдық заңнамаға сай келмейтіні анықталған.
Сот министрдің шағымын дұрыс рәсімдеуіне 15 қарашаға дейін мерзім берген, алайда кемшіліктер уақытылы жойылмаған. Нәтижесінде сот Мұхамедиұлының қылмыстық іс қозғау туралы шағымын қабылдаудан бас тартқан. Қаулыда атап көрсетілгендей, министр кемшіліктер жойылғаннан кейін қайта шағым түсіре алады.
Мұхамедиұлының адвокаты егер Еңілік Сыдықова өз айыптауларын жоққа шығаратын болса өзінің арызын қайтарып алатынын мәлімдеген.