АСТАНА, 18 қар — Sputnik. Егер қабылдаған шаралар тиісті нәтижелер бермесе министрлік сәлафизмге заңмен тыйым салу мәселесін көтереді, деп мәлім етті дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев. Бұл туралы E-islam.kz сайтында хабарланады.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан ел үкіметінің салафизмге қатысты ресми ұстанымы жарияланғаннан кейін имамдар мен теологтардың айтуынша, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жеңілдеген, бірқатар сәлафилік бағыттағы адамдар дәстүрлі исламға бет бұрған. Бүгін Астанада өткен Қазақстан дінтанушыларының VI форумы мінберінде министр Ермекбаев осындай мәліметтерді жария етті.
"Біз деструктивті дін ағымдарды қаржыландыру көздерін бұғаттау, сайттарын жабу, радикалды әдебиеттердің таралуының алдын алу, заңсыз діни жиындар өткізуге тыйым салу бойынша нақты шаралар қабылдаймыз. Кейбір діни деструктивті ағымдарға, оның ішінде сәлафизмге сот жүзінде тыйымның болмауы мемлекеттің бұл мәселеде бейтарап қалуы немесе ешқандай шара жасамауын білдірмейді. Егер, біз қабылдаған шаралар тиісті нәтижелер бермесе министрлік сәлафизмге заңмен тыйым салу мәселесін көтереді", – деп атап өтті министр Нұрлан Ермекбаев.