АСТАНА, 17 қар — Sputnik. Астана тұрғыны медициналық қызмет үшін 300 мың теңге төлегісі келмей, ауруханадан қашып кеткен, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
2015 жылы ШЖҚ МКК "№ 1 Қалалық аурухана" және жауапкер арасында ақылы медициналық қызмет көрсету бойынша шарт жасалынған. Науқас ауруханадан қанағаттанарлық жағдаймен шыққан. Оның қолына стационардағы науқастың медициналық кәртішкесінің көшірмесі берілген, онда ер адам өзінің аурухана қызметкерлеріне ешқандай наразылығының жоқтығын жазған.
"Қолына көшірмені алған ер адам медициналық қызмет ақысын төлемей кетіп қалған, — делінген хабарламада.
Сарыарқа аудандық соты іс материалдарын зерттеп, аурухана пайдасына көрсетілген қызмет үшін 295 636 теңге көлемінде соманы өндірді. Шешім заңды күшіне енді.