АСТАНА, 16 қар – Sputnik. Қазақ-қырғыз шекарасында "Қордай" өткізу пунктінің жұмысы тоқтатылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметі.
"Қазақстан Республикасы шекара қызметі тарапынан жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Өткізу пунктінде жұмыс тоқтатылды, бірақ ұзаққа созылмайды", — деп хабарлады ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын Sputnik Қырғызстан агенттігіне көзбен көруші Мұрат Бейшекеев хабарлағандай, жергілікті уақытпен 18.00-ге қарай "Қордай" (қырғызстандық жақтан – "Ақ жол") өткізу пунктін кенеттен жауып тастаған. Ер адамның айтуынша, орынға өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, "жедел жәрдем" каретасы және басқа арнайы техника келген.
Өз кезегінде, Қырғызстан Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметінде, қазақстандық тараптың деректерін негізге ала отырып, өткізу пунктінің автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйесінің техникалық проблемаларына байланысты жұмыс істемей тұрғанын хабарлаған.