АСТАНА, 16 қар — Sputnik. 11 сынып оқушыларының қорытынды аттестациясы мектеп бітіру емтиханы түрінде 5 пәннен өткізіледі. Түлектер төрт міндетті пән бойынша сынақ тапсыратын болады – ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы және кәсіптік білім алуына байланысты өздері тағы бір пән таңдайды деп хабарлады Қазақстан білім және ғылым министрлігі Facebook парақшасында.
Барлық емтихандар, оның ішінде тестілеу де оқушылар білім алып жатқан мектеп базасында өтеді.
Ведомствоның мәліметінше, ана тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан мектептің оқыту тіліне байланысты эссе түрінде тапсырылады, оған үш астрономиялық сағат беріледі (180 минут).
Оқушылар берілген үш тақырыптың бірін таңдайды. Эссе 250-300 сөзден тұруға тиіс. Тақырып таңдалғаннан кейін оқушылар оның басты ойын анықтап (не туралы?), мәселені көрсетіп, дәйектер келтіруі тиіс. Сонымен қатар әр түрлі тілдік құралдар мен әдіс-тәсілдерді қолдануы керек (теңеу, эпитет, метафора, риторикалық сұрақ, қыстырма сөздер мен сөйлемдер, т.б.), сөйтіп эссенің соңында қорытынды жазуы қажет.
"Алгебра және анализ бастамасы бойынша жазбаша емтиханға 5 астрономиялық сағат беріледі – 300 минут, емтихан бес есептен тұрады. Тапсырмалар оқушының математикалық фактілер, ұғымдар мен тәсілдерді меңгеруін, қолданбалы және логикалық тапсырмаларды шешу қабілетін, функционалдық білім деңгейін тексеруге бағытталған", — делінген хабарламада.
Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтиханды түлектер билет бойынша тапсырады. Әр билетте 3 сұрақ болады, олардың екеуі материал теориясы бойынша. Үшінші сұрақ – шығармашылық сипатта (тарихи карталар, схемалар, хронологиялық кестелер, суреттер қолданылады).
Орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілі бойынша тестілеу немесе қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі бойынша тестілеу 80 минутта жауап берілуге тиіс 40 сұрақтан тұрады:
— Лексико-грамматикалық блок – дұрыс жауабын таңдауға тиіс 20 тесттік тапсырма;
— "Тыңдау" блогы – 10 тесттік тапсырма (200-250 сөзден тұратын екі мәтін);
— "Оқу" блогы – 10 тесттік тапсырма (200-250 сөзден тұратын екі мәтін);
Қорытынды емтихан түлектің өзі таңдаған пән бойынша өтеді: физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шет тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика.
Емтихан 40 тесттік тапсырмадан тұрады (80 минут беріледі, 40 сұрақ – алпыс ұпай), олардың ішінде: 20 тесттік тапсырмада бір ғана дұрыс жауабын таңдау керек, ал қалған 20 тапсырмада бірнеше дұрыс жауап кездеседі.
Түлек емтихан бағасымен келіспесе, келесі күні сағат 13:00 дейін арнайы комиссияға апелляция беруі тиіс.
Түлектерді шығарып салу кеші мектептерде 2017 жылы 15 маусымда өтеді.