АСТАНА, 16 қар — Sputnik. "Қазпошта" ҚР Ұлттық олимпиада комитетімен бірігіп, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне арналған маркаларды айналымға шығарды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі
"Сіздердің жеңістеріңіз біздер үшін – үлгі. Біз де өз саламызда жеңімпаз атанғымыз келеді. Маркаларды шығаруға бел будық, бәрін жоспарладық, енді, міне, осындай салтанатты рәсімді өткізіп жатырмыз. Бұдан бұрын Геннадий Головкиннің суреті бейнеленген маркаларды шығарғанбыз. Бұл біз үшін үлкен құрмет", — деді "Қазпошта" АҚ сыртқы байланыс жөніндегі басқарушы директоры Әсет Тұрысов орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабаев өз кезегінде олимпиадашыларға көрсеткен қолдауы үшін "Қазпоштаға" алғысын білдіріп, атлеттердің жетістігіне арналған пошта маркаларының шығуы бүкіл қазақстандықтар үшін елеулі оқиға екендігін атап өтті.
Ұлттық компанияның мәліметінше, марканың таралымы 40 мың дана. Суретші – К. Плужникова. Марка номиналы – 200 теңге.