АСТАНА, 16 қар — Sputnik. Семей гарнизоны әскери сотымен 5 000 000 теңге моральдық залалды өндіріп алу туралы арызы бойынша азаматтық ісі қаралды деп хабарлады ҚР әскери сотының баспасөз қызметі.
Т.Дүйсенбай Қорғаныс министрлігі және 10810 әскери бөліміне арызданып, Қазақстан Республикасы Қарулы күштер қатарына 2014 жылдың қазан айында шақырылып, 10810 әскери бөлімінде көздеуші-оператор лауазымын атқарғанын көрсеткен.
2015 жылғы 9 қыркүйекте "Айбалта —2015" әскери жаттығу кезінде БМП әскери техникасының көздеушісі болып, шлемофон арқылы хабар алмасып отырған. Шамамен 2-3 сағат шлемофонмен жұмыс істегеннен кейін құлағында шу пайда болып, бірінші сол құлағы, артынша оң құлағы естімей қалған. Денсаулығына зақым алған ол, мүлдем есту қабілетінен айырылып, 3 топтағы мүгедектікке шалдыққан. Әскер қатарынан денсаулығы жарамсыз болуына байланысты босатылған.
Сотта талапкер, адамдармен емін еркін тіл табыса алмауына байланысты біреудің көмегіне мұқтаж болғандығын және есту қабілетін дәрі – дәрмектік ем қолданып қалпына келтіруге болмайтынын көрсеткен.
"Сот отырысы барысында, талапкер әскер қатарында борышын өтеп жүрген уақытта ауруға шалдыққаны анықталды. Сот сараптама қорытындысына сәйкес, шлемофонды тексеру кезінде, оның жарамсыз екендігі және өндіруші зауытпен көрсетілмеген, есту мүшесіне айтарлықтай әсер ететіндігі дәлелденген. Мұндай жағдайда сот 10810 әскери бөлімінің тікелей кінәсін анықтаған, себебі талапкер оқу жаттығу кезінде жарамсыз шлемофон қолданып, соның салдарынан денсаулығына зақым алған. Сотта әскери бөлім талап арызды мойындамай, моральдық шығынды төлеуден бас тартқан", — делінген хабарламада.
Сот іс құжаттарын зерттеп және талапкердің денсаулығына келтірілген зиянды ескере отырып, бұрынғы әскери қызметшінің талап арызын жартылай қанағаттандырды.
Сот шешімімен Қорғаныс министрлігі және әскери бөлімнен талапкер пайдасына 2 000 000 теңге моральдық залал өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.