АСТАНА, 15 қар — Sputnik. Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның адвокаты Искандер Әлімбаев министрді алымсақтық жасады деп айыптап, ғаламторда бейнеүндеу таратқан азаматша Еңлік Сыдықованы сотқа берді. Бірақ шенеунік пен адвокаттың сөзіне сүйенсек, қыз айтқан сөздерінің жалған екенін мойындап кешірім сұраса, арызды кері қайтарып алады.
Бұдан бұрын, 9 қазанда Youtube желісінде өзін Т.Г. Жүргенов атындағы өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықовамын деп таныстырып, Арыстанбек Мұхамедиұлын алымсақтық жасады деп айыптаған қыздың бейнеүндеуі пайда болды. Ғаламторда тарап кеткен бейнеүндеуде Сыдықова ҚазҰӨА 2011-2015 жылдары "музыкалды театр актрисасы" мамандығы бойынша оқығандығын айтты. Ол ЖОО түсуге шешім қабылдағанымен, қабылдау емтиханына кешігіп қалған екен.
"Заңгердің айтқан сөздерін растаймын. Шынымен де сотқа арыз бердім, өйткені бір ай бойы үндемей отыра берсем, заң бойынша айыптауларды мойындаған болып шығамын. Әзірше Сыдықовадан басқадай мәлімдемелер түскен жоқ. Кешірім сұрап үндеу жолдайтын шығар деп үміттенген едім. Шынымды айтсам, әйел баласымен соттасқым келмейді. Бірақ заң бойынша мұндай жағдайда өзімді қорғамасам болмайды", — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында.
Бұл айыптауларға қарсы дәлел ретінде министр мен студенттің кездесуі мүмкін еместігі айтылып отыр – Е. Сыдықова мәлімдемесі бойынша ректормен кездесуіне ҚазҰӨА түспекші болып, емтиханға кешігіп келуі себеп болған. Алайда, БАҚ жарияланған деректерге сәйкес Сыдықова 2011 жылы академияға оқуға түспеген.