АСТАНА, 15 қар — Sputnik. Өскемендік хоккей клубы "Торпедо" дүйсенбі күні Жоғары хоккей лигасының биылғы тұрақты маусымында жинаған ұпай саны бойынша алғаш рет қарағандылық "Сарыарқаны" қуып жетті.
ЖХЛ кезекті матчында торпедолықтар өз мұзайдынында волгалық "Ариада-НХ" командасын 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Бірінші периодта командалар бір-бір голдан соқты – торпедолық Александр Архиповтың голына Герман Нестеров жауап қатты. Екінші жиырмаминуттықта Андрей Белозеров, Талғат Жайлауов, Джордон Сауторн мен Михаил Рыбалко гол соғып, командаға үлкен басымдық берді, ал үшінші кезеңде Никита Михайлис есепті 6:1 жеткізді.
Осы матчтың қорытындысы бойынша "Торпедо" 43 ұпай жинап, турнир кестесінде жетінші орыннан үшінші орынға көтерілді.Тура сондай ұпай жинаған "Сарыарқа" қазіргі уақытта екінші орында келеді, өйткені команданың негізгі уақыттағы жеңіс саны айтарлықтай көп.