АСТАНА, 14 қар – Sputnik. Сот Астана онкологиялық орталығынан медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектерге тапсырыс беру бойынша бірыңғай дистрибьютермен келісімнің шарттарын орындамағаны үшін 300 миллион теңгеден атам қаражат өндірді, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Соттың ақпаратына сәйкес, 2015 жылы "Онкологиялық орталық" ШЖҚ МҚК мен "СК-Фармация" ЖШС арасында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу келісімшартын жасасқан. "СК-Фармация" ЖШС келісімшарт бойынша өзіне жүктелген міндеттемелерді орындаған. Ал Астана қаласының Онкологиялық орталығы жеткізілген өнімдердің бір бөлігінің ақысын төлемей, келісімшарт талабының бұзылуына жол берген.
Іс материалын зерделеген Астана мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "СК-Фармация" ЖШС-ның пайдасына 319 миллион 197 мың 670 теңге көлеміндегі берешек сомасын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Астана қаласы сотының азаматты істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы шешім өзгеріссіз қалды. Шешім заңды күшіне енді.