АСТАНА, 15 қар – Sputnik. Тонау жайты орын алғаны туралы хабар 12 қараша күні сағат 21.00 шамасында Шымкент ҚІІБ Абай ПБ-нің кезекші "102" нөміріне келіп түскен, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметі.
Оқиға орнына барған полицейлердің анықтауы бойынша Сеченова көшесінде "Приора" автокөлігін басқарған белгісіз тұлға "Ауди 80" маркалы автокөлігінің жолын кескен. "Ауди 80" автокөлігінің ішінде сауда фирмасының екі өкілі, яғни 1979 және 1986 жылы туылған жергілікті тұрғындар және автокөліктің ішінде қомақты ақша салынған сөмке болған. Жәбірленушінің сөзінше, "Приора" автокөлігінен екі жас азамат шығып, фирма өкілдерінен күштеп ақша салынған сөмкені тартып алып, белгісіз бағытқа қарай қашып кеткен.
Аталған дерек Шымкент ҚІІБ Абай ПБ бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіміне тіркеліп, ҚР ҚК 191-бабымен "Тонау" қылмыстық іс қозғалды.
Шабуыл жасағандардың жеке басын анықтау мақсатында полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде жедел уәкілдер 1986 жылы туылған жәбірленушінің өзі екенін анықтады. Ер азамат жалған куәлік беріп, фирманың меншігіндегі ірі көлемдегі жымқырған ақшасын жабу үшін жалған тонау жайтын ұйымдастырған.
Қазіргі таңда оқиғаның орын алу барысы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде.