АСТАНА, 14 қар — Sputnik. Астана әкімі Әсет Исекешов қала тұрғындарынан дүйсенбі күнгі елордадағы ауа райы жағдайынан пайда болған көлік кептелісіне түсіністікпен қарауды өтінді.
"Қалың қар да түсті. Біз оған барынша дайындалдық: бүкіл техниканы тексеріп, маршруттарды реттедік. Демалыста 21 миллиметрден астам қар жауды, 369 көлік қызмет етті, 26.200 метр куб қар шығарылды", — деп жазды Исекешов Facebook ресми парақшасында.
Әкімнің айтуына қарағанда, "ауа райының күрт бұзылуы трафикке орасан зор ықпалын тигізеді".
"Бүгін елордада таңертеңнен бері 26 көлік апаты болды, тәулік ішінде 100-ден асты. Жол апатының басым көпшілігінің себебі жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтамау және қауіпті қозғалыстар жасау. Полицияның келуін, сақтандыру компанияларын күту салдарынан да көлік кептелісі пайда болады", — деді ол.
Исекешовтың айтуынша, коммуналдық қызметтер барынша күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра береді. Ол аудан әкімдерін басқаратын орынбасарымен бірге қала ішін аралап, бұл жұмысты өзі жеке қадағалайтынына уәде берді.