АСТАНА, 14 қар — Sputnik. Молдавия президентін сайлауда 99,23% хаттаманы санап болғаннан кейін 52,98% дауыспен Социалистер партиясының төрағасы Игорь Додон көш бастап келеді, деп хабарлайды РИА Новости Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сілтеме жасай отырып.
Екінші кезеңде таласқа Додон мен оппозиция атынан кандидат, "Әрекет және ынтымақтастық" партия басшысы Майе Санду түсті.
Молдавияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметтерінше, учаскелерді жабу кезіне сағат 21:00-де (14 қараша 01:00 аст) 1 миллион 601 мың 434 азамат дауыс берген. Осылайша дауыс беруге келу 53,27%-ды құрады. Дауыс беру шетелдегі учаскелерде де өтті. Учаскелер жабылғаннан кейін бес сағат ішінде Молдавия сайлау комиссиясы барлық дерлік хаттамаларды санап шықты.
Сенімді жеңіс
Хаттамалардың 97,89 пайызы есептелгеннен кейін Додон өзінің сайлауда жеңіске жеткендігі туралы жариялады. Ол кезде оның еншісінде 54,53% дауыс, ал аоның қарсыласы Сандуда — 45,47% дауыс болатын.
"Мен бүгінгі сайлауда жеңіске жеткенімізді нық сеніммен айта аламын. Мұхиттың ар жағында дауыс беру жалғасып жатыр. Алайда, біздің осы уақыттың өзінде 50 пайыз және плюс бір дауыс жинағанымыз белгілі болды. Біз жеңдік", — деді ол брифингте.
Додон өзінің Еуропаны қолдаушы оң күштердің атынан сайлауға түскен қарсылас кандидаты Майе Сандуды электоратты тыныштандыруға шақырды. Додонның сөзінше, ол бүкіл Молдова халқының президенті болады. Яғни оңшылдардың да, солшылдардың да, өзінің жақтастары мен қарсыластарының да.
Қарсылықтар болуы мүмкін
Саяси сарапшы Николай Цветков Додон жеңіске жеткен жағдайда елде қарсылық шаралары өтуі мүмкін деп ескертті. Олардың ауқымы кандидаттар арасындағы алшақтыққа байланысты болады екен.
Оның сөзіне қарағанда қарсыластар арасындағы айырмашылық кем дегенде 6-8% болуға тиіс. "Бізде жастар жеткілікті қызу. Жаңа сайланған президент еуропалық болашақ пен белгілі бір келешектен айырады деген уәждермен оларды көшеге шығаруға тырысады", — деп санайды Цвятков.
"Додонның үлкен алшақтықпен басым түскен жағдайында қарсылықтар формальды сипатқа ие болып, мезеттік саяси міндеттерді атқаруы мүмкін. Егер де жеңіс нық сенімді болмаса, қарсылықтардың сипаты айқын болуы жоққа шығарылмайды", — деп болжады сарапшы.