АСТАНА, 13 қар — Sputnik. Салдарынан алты адам қаза тапқан Алматыдағы Almaty Towers бизнес орталығында болған ірі өрт дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында "Батут орталығы" ЖШС директоры ұсталды, деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Almaty Towers кешеніндегі өрт 6 қараша күні кешке орын алған. 25 қабатты екі мұнараға жалғасқан алты қабатты ғимараттың шатыры өртенді. Бастапқыда бір адамның көз жұмғаны туралы айтылды – ол 54 жастағы дәнекерлеуші болатын. Келесі күні ТЖД тағы төрт адамның денесі табылғанын хабарлады. Бастапқы болжам бойынша, олар жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар болған. Бірнеше сағаттан соң тағы бір адамның денесі табылғандығы айтылды. БАҚ-тардың хабарламасына сәйкес, өрт ашылуға дайындалып жатқан батут орталығың ғимаратынан шыққан.
"2016 жылғы 12 қарашада "Батут орталығы" ЖШС директоры 1983 жылы туған Д.Тұяқов ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес ұсталып, ҚР ҚПК 292-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген күдікпен уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды", — делінген баспасөз хабарламада.
Хабарламаға сәйкес, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде бұлтартпау шараларын таңдау үшін күдікті сотқа жеткізіледі. Бұрын хабарланғандай, Almaty Towers компаниясының басшылығы қаза тапқандар отбасыларына 3 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді.