АСТАНА, 13 қар — Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен сенбі күні Францияда өткен Trophée Eric Bompard турнирінің нәтижелері бойынша екінші болып, Гран-При сериясында жүлделі орыннан бастаған. Trophée Eric Bompard 1995 жылдан бері мәнерлеп сырғанау бойынша Гран-При сериясына кіреді. Осы уақытқа дейін бұл турнирдегі Теннің үздік нәтижесі 2014 жылы иеленген үшінші орны болатын.
Францияда өткен бұл турнир жұма күні, 11 қарашада басталған. Алғашқы күні қысқа бағдарламаның қорытындылары бойынша 89,21 балл жинаған Тен үшінші болатын. Қысқа бағдарламаның жеңімпазы испандық Хавьер Эрнандес төрешілердің 96,57 баллына ие болды.
Алайда сенбі күні еркін бағдарламада қазақстандық 180,05 балл жинады. Осылайша оның қысқа бағдарламасындағы балын есептегенде жалпы ұпайы 269,26 болып, екінші қатарға көтерілді.
Бірінші орында испандық Хавьер Фернандес қалды, оның жинаған ұпайы 285,38 болды. Үшінші орында американдық Адам Риппон (267,53), ол еркін бағдарламаға шейін төртінші болып тұрған.
Мәнерлеп сырғанау бойынша Гран-При – осы спорт түріндегі алты турнирдің сериясы, соның негізінде мәнерлеп сырғанаудың әр дисциплинасы бойынша алты үздік спортшы таңдалады. Осы үздіктердің үздігі Гран-При финалында – әр маусымның қорытынды жарысында бақтарын сынайды.