АСТАНА, 13 қар — Sputnik. Қозғалысы шектеулі қыз-келіншектерге арналған алғашқы ұлттық "Ұлы Дала Ханшайымы" сұлулық және дарын байқауының жеңімпазы Сабина Қасымова болды.
Байқаудың әділ қазылары Алматы қаласында сенбі күні өткен ақтық сынның қорытындысы бойынша үш сұлуды таңдады.
"Ханшайымдар" үштігі келесідей: бірінші орын – Сабина Қасымова, екінші орын – Қарлығаш Нұрбекова, үшінші орын – Меруерт Құмахамеова. Жеңімпазға тәжді ресейлік, "Әлем аруы 2013" атағының иегері Ксения Безуглова кигізді.
Соңына дейін бас жүлдені құпия сақтаған ұйымдастырушылар ханшайымға автокөлік кілтін табыс етті. Конкурстың екінші ханшайымы Біріккен Араб әмірліктеріне демалысқа барса, ал үшінші орын иегері сыйлыққа smart-теледидар алды. Ақтық сынның бірде-бір қатысушысы сыйлықсыз қалмады.
Байқауды "Алма-Ата" әйелдер клубы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қатысушыларды іріктеу екі ай бұрын басталып, конкурсанттарды дайындауға бір ай уақыт кетті. Осы уақытта қыздармен үздік имиджмейкерлер, стилистер, визажистер, психологтар мен хареографтар жұмыс істеді.