АСТАНА, 11 қар — Sputnik. Орал қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына 9 қараша күні таңертеңнен бері іштері қатты ауырған адамдар келе бастады деп хабарлады облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Бүгін ауруханаға жатқызылған науқастардың саны 27-ге жетті. Бастапқыда ішек жұқпалы ауру деген божам болған еді, бірақ сараптамалар жасалғаннан кейін сальмонеллез диагнозы қойылды. Ауруханаға түскендердің бәрінің хәлі біршама ауыр, олар кем дегенде жеті күн жатып ем қабылдайды. Әрі қарай жағдайларына қарап көреміз", — деді Надия Ахметова.
Жұқпалы аурулар ауруханасына түскендердің бәрі 8 қараша күні Орал қаласындағы "М6" сауда үйінде "Бургер стрит+" кафесінен тамақтанған.
Қазіргі уақытта кафе жабылды. Ол жерде полиция қызметкерлері мен тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр.