АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Мерекеге ұсынысты 2001 жылы КВН халықаралық клубының президенті Александр Масляков ұсынған. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. Алғашқы КВН ойыны 1961 жылғы 8 қарашада тұңғыш рет эфирге шыққан. Бұл күнді кәсіби мереке деп атаса да болады, өйткені КВН ойындары баяғыдан бері жоғары деңгейде өткізіліп келеді және дарынды жастар шығармашылығының бірден-бір бастауы болып отыр. Осы күнге орай Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында қазақстандық КВН ойыншыларының бірі бұл сайыстың жастар өміріндегі алар өмірі қандай екенін, ұзақ уақыт сахнада өнер көрсеткен КВН-шылардың тағдыры қалай өрбігенін баяндап берді.
- Жыл сайын 8 қарашада КВН күні тойланады. Бұл күнді кәсіби мерекем деп санайсыз ба?
— Әлбетте. Посткеңестік кеңістікте КВН аудиториясының алар орны ауқымды – мыңдаған қатысушылар мен жанкүйерлер бар, ойыншылар көгілдір экранның ар жағынан көрермендерің көңілкүйін көтереді, сол себепті де олар мұндай мерекені тойлауға лайық!
- Бәрімізге белгілі, Қазақстан КВН құрамасында ұзақ жылдар бойы өнер көрсеткен ойыншылардың барлығы дерлік шығармашылықпен айналысып жүр. Сіз қойылымдарды ұйымдастыру жөніндегі компанияның негізін қалаушысыз. Жұмысыңыз қалай жүріп жатыр, КВН ойыншысы болғаныңыз қызметіңізге септігін тигізеді ме?
— Барлық КВН-шылар айтатындай, "бұрынғы КВН-шы деген болмайды", үлкен сахнада бір рет өнер көрсетсең болды, осы бір тамаша әзіл-ысқақ әлемімен ажырамас байланыста боласың. Көрермендер арасында КВН деген еріккеннің ермегі деген жаңсақ пікір таралып кеткен, алайда КВН-шы болу үшін жай актер немесе автор болу жеткіліксіз.
Біздің жігіттер шығармашылықпен айналысып, үлкен жетістіктерге жетуде. Мұның бәрі КВН-нің арқасында деп ойлаймын. Олар кино түсіріп, ірі телеарналардың топ-менеджментінде қызмет етеді. Телехикаялар түсіріп, театр жетекшісі болып жүргендер де бар.
Өзім туралы айтар болсам, КВН маған бәрін берді: жұмысқа орналастым, отбасын құрдым, еліміздің белді сықақшылары – Нұрлан Қоянбаев, Құмар Лұқман, Тұрсынбек Қабатовпен таныстым.
- 12 жыл аз уақыт емес, сіз осынша уақыт бойы КВН-да ойнадыңыз. Осы жылдары өміріңізде қандай өзгеріс болды?
— Өмірімде талай өзгерістер болды – 12 жылға есейдім. Ойынды сағынып жүрмін бе деп сұрайсыз ғой. Бәріміз де сағынамыз. КВН-да бірге өнер көрсеткен жігіттердің бәрімен достығымыз берік. Әрине, жұмысбасты болғандықтан, жиі көріспейміз. Бірақ WhatsApp-та "Астана KZ" деген тобымыз бар, сол жерде бәріміздің басымыз қосылады.
- Қалай ойлайсыз, қазіргі КВН-ға қарағанда бұрынғы КВН қызықтырақ болды ма?
— КВН деңгейі төмендеген жоқ. Қазір ақпарат ағымы көп қой. Байқасаңыз, ойын шарты өзгерген, сәлемдесуге 15 емес, 5 минут қана беріледі. Бәсекелестік азайып кетсе де, КВН редакторларының арқасында ойын жақсарып келеді. Меніңше, КВН-ға ақылды жігіттер қатысады, себебі ол жерде драматургия да, мектеп те, білім де бар.
- "Спарта" командасының КВН-де болашағы бар деп ойлайсыз ба?
— "Спарта" әзіл-қалжыңнан кенде емес. Бұл команда көз алдымда өсті. Кейбір балалармен кезінде автор ретінде бірге жүрдім. Олардың шығармашылық әлеуеті енді ғана ашылып келеді деп ойлаймын. Қазіргі жетістіктеріне қарамастан, болашағы әлі алда.
- Олай болса, "Спарта" командасына финалдық ойын қарсаңында қандай тілек білдіресіз?
— Ең бастысы сабыр және командалық рух! Бұл финал, онда фавориттер жоқ, кез келген команда чемпион атана алады. "Спарта" да чемпиондыққа үміткер. Әуелі өзімізде жеңіске жету керек. Өзіңді жеңсең, кімді болсын ұта аласың!