АСТАНА, 8 қар — Sputnik. Алматылық "Қайрат" хавбегі Андрей Аршавин титулы ең көп ресейлік футболшылардың бірі. Алматылық команда жанкүйерлерінің көкейінде жүрген "Жартылай қорғаушы "Қайратпен" жасасқан келісімшарт мерзімін келесі жылға ұзарта ма?" деген басты сұраққа питерлік "Зенит" пен лондондық "Арсеналдың" бұрынғы ойыншысы Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында жауап берді.
"Бұл жағдайда таңдау менде емес, клубтың өзі келісімшартты ұзартқысы келеді ме, жоқ па айтуы тиіс", — деп жауап берді Аршавин "1+1" опциясын пайдалана ма деген сұраққа.
- Андрей Сергеевич, лондондық "Арсенал" құрамында ойнаған, "Зенит" сапында УЭФА кубогы мен Еуропа суперкубогын иеленген адамның "Қайрат" клубына ауысуы көпшіліктің көкейінде сұрақ тудырмай қоймайды. Сіз неліктен "Қайрат" пен Қазақстан премьер лигасын таңдадыңыз?
— Александр Генрихович Бородюк (алматылық команданың ресейлік экс-бапкері)"Қайратқа" шақырды. Мен көп ойланбай, шақыруын қабыл алдым.
— Қазақстанда жоғары деңгейлі ойын өрнегін көрсетуге шамаңыз жетеді ме деген сұраққа қатысты қазақстандық болгермен бәстескеніңіз туралы елдің бәрі біледі; ал осы маусымда бұған қол жеткізу қиынға соқты ма?
— Біріншіден, біз бәстескен жоқпыз. Мен тілшінің сөзін сегіз гол соққаннан кейін ғана естідім. Қиын немесе оңай болды деп айта алмаймын. Тұрақты түрде ойын тәжірибесін жинақтай отырып, белгілі бір деңгейге қайта көтерілдім десем болады. Меніңше, маусымды жақсы аяқтаған секілдімін.
- Ресейлік БАҚ-да Ресей құрамасына Андрей Аршавин керек пе деген сауал төңірегінде пікірталастар жиі жүріп жатады. Ал, өзіңіз Станислав Черчесовтың жаңа ғана құрылған командасына ойнауым қажет деп ойламайсыз ба?
— Бұл сұраққа жауап беру қиын. Кез келген футболист туралы осылай айтуға болады. Іс жүзінде көрмейінше, нақты бірдеңе деу оңай емес.
— "Қайрат" құрамында 2007-2008 жылдардағы "Зенит" командасының екі футболшысы ойнап жүр. Ал осы "Зенит" ойыншыларының саны Алматы командасында көбейеді ме? Бұрнығы командаластарыңыз қазіргі клубыңыз жайлы сұрастыратын шығар?
— Білмеймін, бәрі клубтың мүмкіншілігі мен қалауына байланысты. Ойыншылардың да таңдауы біледі. Дегенмен бұл панацея емес деп ойлаймын.
Sputnik Қазақстан агенттігі оқырмандары қойған сұрақтар:
— Луиза Мыңбаева: Футболшылардың спорттық мансабын ерте аяқтайтынын білемін. Сіздің жасыңыз 35-те. Білуімше, бапкер болғыңыз келмейді, себебі өз сөзіңізбен айтқанда "жындыбассыз". Ресейлік БАҚ біріне берген сұхбатыңызда солай дегенсіз. Мансабыңызды аяқтағаннан кейін не істейсіз?
— Бұл сұраққа ешқандай жауабым жоқ. Қазір "Қайрат" құрамында ойнап жүрмін. Соған көңілім толады.
- Нұғманов Серік: Андрей, қазақстандық футболдың деңгейін көтеру үшін мектеп, немесе футбол секциясын ашқыңыз келмейді ме?
— Жоқ, ондай ойым жоқ. Қазақстандық футболдың деңгейін көтерумен басқа адамдар айналысуы керек.
— Тимур Турганбаев: Андрей, еуропалық аренада жақсы ойын көрсету үшін біздің футболшыларға не жетіспейді?
— Меніңше, қазақстандық футболшылардың техникасы жаман емес, бірақ бар мәселе тактикада. Және еуропалық командалармен ойында ой жүйріктігі жетіспей жатады.