АСТАНА, 7 қар – Sputnik. Шымкенттік полицейлер бірнеше букмекерлік кеңсені тонады деген күдікпен үш адамды ұстады деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Бір ай ішінде төрт ұйымды тонаған Шымкент пен Ордабасының 24, 22, және 21 жастағы үш тұрғыны ұсталды деп хабарланды.
Бірінші жолы букмекерлік кеңсені тонап, ішіндегі теледидар, кассалық аппарат, компьютер және ақшаны алып кеткен. Келтірілген шығын 700 мың теңгеден асады.
Содан кейін іс деректері бойынша 23 қазан күні жас жігіттер Жайлау шағын ауданындағы букмекерлік кеңсеге түсіп, ойын терминалдары мен 1,5 миллион теңгеден астам ақша тонаған.
26 қазан күні күдіктілер Жаңа-шахар шағын ауданындағы букмекерлік кеңсеге ұрланып кіріп, барлық техника мен 2 миллион теңгеден асатын қаражатты алып кеткен.
Бірнеше күннен соң Момышұлы көшесіндегі букмекерлік кеңсеге кіріп, терминалдарды, компьютер техникасын, жиһаз бен теледидарды, сондай-ақ кассадағы ақшаны тонаған. Жәбірленушіге келген шығынның жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асады.
Тұтқындалғандардан алынған түсініктеме бойынша полицейлер жас жігіттердің букмекерлік кеңсе ашу үшін осындай қылмысқа барғанын анықтады.
Бұл факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы "Ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер тұтқынға алынды. Сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде.