АСТАНА, 7 қар – Sputnik. Павлодар облысында Ертіс өзенінің әлі толық қатып үлгермеген мұз қабатынан құтқарушылар бес баланы құтқарып алды деп хабарлады Қазақстан ІІМ ТЖ бойынша комитеті.
Ең кішісінің жасы 6-да. Оларды қауіпсіз жерге шығарып, құтқару станциясына жеткізді. Сол жерде балаларға қатып үлгермеген мұз бетінде жүрудің қауіптілігі түсіндірілді.
Содан кейін балаларды ата-анасы алып кетті.
Құтқарушылардың айтуына қарағанда, ТЖ кезінде өзен мұз қабатының қалыңдығы небәрі 3 сантиметр болған, сол себепті мұз кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін еді.
Мұз қабаты бір адамды көтеру үшін 7 сантиметрден кем болмауы тиіс, ал көлікпен жүріп өту үшін 30 сантиметрден асуы керек.