АСТАНА, 7 қар — Sputnik. Өлім жазасына мораторийді жою президенттің құзыретінде, деп мәлім етті сенат (жоғарғы палата) депутаты Серік Ақылбай.
Оның атап өтуінше, ҚР Қылмыстық кодексінде экстремизм және терроризммен байланысты үш баппен өлім жазасы қарастырылған.
"2003 жылдан бері (өлім жазасы – ескертпе) тоқтатылды. Республика президенті тоқтатты, бұл оның құзыреті. Яғни жою немесе тоқтату (мораторийді – ескертпе) – бұл президенттің құқығы", — деді Ақылбай дүйсенбіде журналистерге.
2 қараша күні сот құқық қорғау және арнайы органдардың сегіз қызметкерін қосқанда, барлығы он адамды өлтіргені үшін және басқа да бір қатар қылмыстары үшін айыпталған Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кескен еді.
18 шілде күні Күлекбаев Алматыда полицейлерге шабуыл жасады. Бұл оқиғада 10 адам қаза тапты, оның ішінде әйел адам полицейлерге шабуыл жасар алдындағы түнде өлтірілген болатын. Қылмыскерді ұстау арнайы операциясын жүргізу кезінде қалада террорлық қауіптің қызыл деңгейі енгізілген еді. Шабуыл жасаған адам сол күні ұсталды. Ол бұрын екі рет сотталған 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы Күлекбаев болып шықты.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болған оқиғаны теракт деп атады. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде хабарлағандай, тұтқындалушы бұдан бұрын жазасын колонияда өтеп жүріп, салафиттермен байланысқа түскен.
Күлекбаев сотта өзінің полицияның бірнеше қызметкері мен бейбіт тұрғындарды өлтіргенін мойындап, жасаған әрекеттері үшін еш өкінбейтінін мәлімдеген. Ол кез келген жазаға дайын екендігін айтқан. Соңғы сөзінде ол құқық қорғау органдары азаптаған мұсылман бауырларымның кегін қайтардым деп есептейтінін мәлім еткен.
2003 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторийді енгізу туралы" қаулыға қол қойған болатын. Қаулы өлім жазасының орындалуын тоқтатты, бірақ соттың өлім жазасына кесу туралы үкім шығаруына тыйым салмайды. Қазақстанда балама жаза ретінде 2004 жылдан бері өмір бойына бас бостандығынан айыру енгізілген.