АСТАНА, 1 қар — Sputnik. Ресей мұражайынан қайтарылған Кейкі батырдың бассүйегі қазіргі уақытта Алматы қаласында деп хабарлады ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мқхамедиұлы Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Кейкі батырдың бассүйегі Санкт-Петербургтен Астана қаласына қазан айының басында әкелінген болатын. Қазақстанның Венгриядағы елшісі Нұрбах Рүстемовтың хабарлауынша, батырдың сүйегі бет-әлпетін қалпына келтіру үшін ДНҚ сараптамасын жасауға Венгрияға жіберілген еді.
"Бассүйек қазір Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұражайында", — деді Мұхамедиұлы сейсенбі күні үкімет отырысынан кейін.
Оның мәліметінше, венгр ғалымдары қатты зақымдалған бассүйегін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.
"Енді біз батырдың бейнесін жасауымыз керек, себебі болашақта ескерткіш тұрғызып, көркем фильм түсіру ойымызда бар. Біз оның бет-әлпетін қалпына келтіруге тиіспіз. Венгр ғалымдары осы мәселе бойынша еңбек етіп жатыр, оларға деген алғысымыз шексіз", — деді министр.