АСТАНА, 31 қаз — Sputnik. ЭКСПО-2017 көрмесінде тәртіпті қадағалайтын ұлттық гвардия сарбаздары ағылшын тілін үйреніп жатыр деп хабарлады Ұлттық гвардия бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-саяси іс бойынша орынбасары Мұхаметқали Сәтов.
Оның айтуынша, 2014 жылы Астанада қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін, оның ішінде ЭКСПО-2017 кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел тағайындау бригадасы құрылған. Бұл бригада құрамында 2,5 мың адам бар – офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген әскерилер, жедел қызмет әскери қызметкерлері. Көрме кезіндегі қаладағы қауіпсіздікті қадағалау үшін күніне 1,5 мың әскери адам бөлінетін болады.
"Біз елордалық бригададағы әскери қызметкерлерді дайындап жатырмыз. Қазір ағылшын тіліне үйрететін сабақтар өткізілуде. Олардан қандай да бір көшені сұраса, жауап бере алатындай болуы тиіс", — деді Сәтов дүйсенбідегі брифингте.
Сонымен қатар, Сәтовтің мәліметінше, Ұлттық гвардия әскери қызметкерлері көрме қарсаңында жаңа форма киетін болады.