АСТАНА, 31 қаз — Sputnik. Балқаш қаласында теракт әзірлеу ісі бойынша соттың бастапқы тыңдауы басталды деп хабарлады Sputnik тілшісі сот залынан.
Қазақстандық арнайы қызмет тобы 26 маусымда Балқаш қаласында және Қарағанды облысындағы Гүлшат елді-мекенінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғылармен теракт ұйымдастырмақшы болған радикалды топты құрықтады. Гүлшат ауылында ұсталған террористтердің бірі өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында қаза тапты. Сол кездегі ақпарат бойынша, олардың бәрі салафизм радикалды ағымын ұстанушылар. Барлығы 8 адам қамауға алынды.
Бұл іс Қарағанды облысы арнаулы ауданаралық қылмыстық сотында судья Қайрат Қасымовтың төрағалығымен қаралуда. Сот алдына сегіз айыпталушы келіп отыр.
Топ мүшелері Қазақстан территориясында теракт ұйымдастырмақшы болған. Басты нысанға бірнеше жерлер алынған, солардың бірі Балқаш қаласы маңындағы ресейлік әскери бөлімше еді.
Арнайы операция нәтижесінде террористтердің жоспарлары орындалмай қалды, ұлттық қауіпсіздік органдарына жергілікті халықтың көмегі де орасан зор болды.