АСТАНА, 31 қаз — Sputnik. Astana ProTeam клубының украин велошабандозы Андрей Гривко Velosportnews сайтында берген сұхбатында астаналық клубтың 2017 жылғы басты мақсаты Pro Tour тас жолдық жарыстарының бірі – Джиро д'Италияда жеңіске жету екенін айтты.
Astana ProTeam шабандоздары бұл жарыста үш рет жеңімпаз атанған: алғаш рет 2008 жылы Альберто Кантадор, кейін 2013 және 2016 жылдары итальян велошабандозы Винченцо Нибали.
Бірақ Нибали келесі жылдан бастап "Астанадан" кетеді: 2016 жылы тамыз айында итальяндық жігіт жаңадан құрылған Bahrain Merida Pro Cycling Team командасымен келісімшарт жасасты. Сол себепті Гривконың айтуынша, бар үміт Нибалидің отандасы Фабио Аруда көрінеді. Ол қазақстандық клуб сапында 2014 жылы Джирода бірнеше кезеңдерді ұтып, үшінші орынды иеленген, ал 2015 жылы Джирода екінші орынға көтерілді және сол жылы испан Вуэльтасында жеңімпаз атанды.