АСТАНА, 28 қаз — Sputnik. Биыл "Мисс Астана — 2016" конкурсының жеңімпазы Ельназ Нұрсейітова болды деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Сұлу қыздар актерлік шеберліктерін көрсетіп, америкалық дизайнері тіккен мерекелік көйлектер мен ұлттық киімдер киіп сахнаға шықты.
Ельназ Нұрсейітова конкурсқа қатысушы 20 бойжеткен арасында үздік атанды.
Ол Қазақстан технология және бизнес университетінде дизайнер мамандығы бойынша білім алуда, модель болып жұмыс істейді. "Мисс Астана — 2016" Алматы облысындағы ауылда туып өскен екен.
"Туған-туыстарымның бәрі маған жанкүйер болып келді. Бәріне көп-көп рахмет. Қуанышымда шек жоқ. Бұлай болар деп күтпеген едім. Қатты толқып тұрмын. Әрине, "Мисс Қазақстанда" да жеңіске жетуге дайынмын", — деді Нұрсейітова тілшілерге.
21 жастағы Бегайым Жорабекова бірінші вице-мисс болды, екінші вице-мисс Екатерина Подгородецкая (19 жаста), үшінші вице-мисс – Бибінұр Есімова (19 жаста).
Sputnik Қазақстан агенттігі бірнеше күн бұрын сайтта ресми емес дауыс беру жүргізген еді. Біздің агенттік оқырмандарының пікірінше, "Мисс Астана" атағына лайық 19 жасар Бибінұр Есімова болды.