АСТАНА, 27 қаз — Sputnik. ҚР парламентінің сенат депутаттары ауаға жылыжайлық газдардың шығарылу көлемін азайтуға бағытталған Париж келісімін ратификациялады.
Бұдан бұрын энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлағандай, Париж келісімі 2015 жылы 12 желтоқсанда Франция астанасында қабылданған еді. 2016 жылы 2 тамызда Қазақстан келісімге қосылуға шешім қабылдады.
Келісім ауаға жылыжайлық газдардың шығарылу көлемін азайту, климаттық өзгеріске бейімделу және сәйкес технологиялардың дамуына жұмсалатын қаржы ағындарын қалыптастыру бойынша ұлттық жобаларды қабылдауға бағытталған шаралар мен міндеттемелер кешенін ұсынады.
Келісім бойынша жаһандық орташа температураның артуын 2°C-тан төмен ұстау, сонымен қатар температура артуын 1,5°C аясынан шығармауға күш жұмсау ұсынылады.
Париж келісімінің тараптар конференциясы алға қойылған мақсаттарға жетудегі ұжымдық прогрессті бағалау үшін осы келісімнің жүзеге асырылу нәтижесін қорытындылайды. Алғашқы жаһандық қорытындылау 2023 жылы өтеді.