АСТАНА, 27 қаз — Sputnik. Қарағанды хоккей клубы "Сарыарқа" сәрсенбі күні Жоғары Хоккей Лигасы тұрақты маусымының кезекті матчында өз айдынында "Южный Уралды" ойсырата ұтты.
"Сарыарқа" "Южный Урал" клубынан 5:1 есебімен басым түсті. Бірінші периодта қарағандылық Евгений Назаркин мен Олег Ломако гол соқты, ал екінші жиырмаминуттықта Ломако дубль жасады, Данил Ердаков болса "Сарыарқаның" осы матчтағы төртінші голын соқты. Матчтың үшінші кезеңінде Антон Сагадеев есепті 5:0 етсе, қарсыластар командасынан Олег Марзоев престиж голын салды.
Қазір ЖХЛ тұрақты маусымының турнир кестесінде "Сарыарқа" 37 ұпаймен бір күнге айырылған басымдылығын қайтарып алды. Тұрақты маусымда 17 матч ойнаған қарағандылықтар Лигада жіберіп алған голдар саны ең аз команда (28 шайба), ал соққан голдар саны бойынша екінші орында (53 шайба). Келесі турда 28 қазан күні "Сарыарқа" Челябинскінің "Челмет" командасын қабылдайды, ал өскемендік "Торпедо" "Южный Уралмен" кездеседі.