АСТАНА, 26 қаз – Sputnik. Ақмола облысында тас жолда екі автокөлік соқтығысып, екі адам қаза тапты, тағы бірі ауруханаға жатқызылды деп хабарлайды құқық қорғау органдары Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Олардың мәліметінше, сейсенбі күні "Қарағанды-Астана" тас жолында Аршалы ауылынан екі шақырымдай жерде көлік апаты болған. Audi автокөлігінің жүргізушісі Қарағандыдан Астанаға кетіп бара жатып, қарсы бетке шығып кеткен, нәтижесінде "Лада-21114" қызметтік көлігіне соқтығысқан. Көлік апаты салдарынан Audi автокөлігінің жүргізушісі 1978 жылы туылған Теміртау қаласының полиция старшинасы мен оның жолаушысы 1960 жылы туылған әйел адам қаза тапты. "Лада-21114" жүргізушісі ветеринария бөлімінің жетекшісі аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылды.
Құқық қорғау органдары қайтыс болғандардың денесін Астана мәйітханасына жіберіліп, сараптама тағайындалды. Көлік апатына қатысты ҚР ҚК 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.