АСТАНА, 24 қаз — Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдегі мұсылмандарды мектепте орамал тағу мәселесі туралы мектеп әкімшілігімен бір мәмлеге келуге шақырады делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдемесінде.
Ұйым атап өткендей, "ибалы, инабатты, білімді ұл мен қыз өсіріп, отаншыл, патриот жастарды тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен педагогтың басты мақсаты, ұлы миссиясы екені белгілі".
"Қазақстандағы білім беру жүйесі тек қана оқытуды ғана емес, сондай-ақ тұлғаның барлық сұраныстарын толық жүзеге асыру үшін жағдайларды жасауға, оларды өнерге, спортқа, зияткерлік дамуға тартуға бағытталғанын оқушылардың ата-аналары сезінулері керек. Ислам діні күллі адамзат баласын білім үйренуге үндейді", — делінген хабарламада.
ҚМДБ мәліметінше, балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын шариғат талап етпейді.
Мұсылмандар заңды сақтайды және оған құрметпен қарайды, өйткені зайырлы қоғамдағы заңдар мен ережелер – барша адамның тең құқығын басты орынға қоятын кепілдік құжат және азаматтардың өмір сүру тәртібін көрсететін бағдар дейді ҚМДБ.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағатын, ата-аналарды бірлікке үндейді және мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келуге шақырады", — деп қорытындылады басқарма.